Осы күні кім не айтты дерің бар ма? Отырады да айта салады. Әйтпесе, «қыздарды он төрт жасынан күйеуге беру керек» дегенді халық сайлаған депутаттың аузынан шығады деп кім ойлаған? Біреулер күліп жатыр. Күлсін, әбден күліп алсын. Күлмейтін не қалды? Бірақ, әлі-ақ, сонда неге күлдік екен деп, түбінде өздері-ақ өкінер. Балиғатқа толмаған сәбилер туралы солай сөйлеуге ұялу керек еді, шіркіндер! Әйтпесе, отызында да күйеуге өтпей, өтпей емес-ау, ерлер жетпей, тым болмаса, тоқалдық та бұйырмай отырған бойжеткендеріміз жоқ емес, бар ғой. Әлде олар орналасып болып па еді? Аяқтарын кімге артарын білмей, «күйеу келсе, қыз дайын» тұрғанда бәлекей қыздар туралы айту мүлде ыңғайсыз әрі ерсілеу шықты. Мұның өзі әлгі: «Жас қызды көргенде сексендегі шал да басын көтеріпті» дегенге де келіңкіремейді енді... Айтайын дегенім, байқап сөйлеген жөн болар, мырзалар! Қалжан Жұмағұлова
|