Сәуір айынан бастап, зейнетақы мөлшері тағы да 14 пайызға өседі дегенге қатты қуанып едім. Бірақ күні келіп, ақымды алуға барғанда оның енді 5 пайызға ғана көтерілгеніне көзім жетіп, қайыра қапаланып қалдым. Қазақстанға келген көлденең көкатты біреулер жалақ алып қашқандай, шетел асырып жатқан миллиардтар, өзімізге бұйырмай, өзгелердің қалтасына құйылып жатқанына қапаланбасқа шара жоқ. Зейнетақымыз өссе, немерелерімізге қамқорлығымыз бұрынғыдан да артады ғой, деп ойлағанмын, - дейді мені өзі сөзге тартқан бейтаныс апай терең күрсініп. Оның айтқанын, біздің сөзімізді тыңдап отырған, екінші бір зейнеткер де қоштай жөнелді. "Бұлары енді ұяттау болды, Тамара ханымның өңі жылы көрініп еді, айтқаны өтірік болып шықты",- дейді ол да қызынып. Зейнет жасына жете қоймағандарды Ұлттық Банктің қамқорлығына берілген жылдар бойы жинаған қаржыларының ендігі тағдыры да қатты алаңдататын сияқты. "Су аяғы құрдым" дегендей, "айырылып қалмасақ",- деп қынжылады бірі. Бүкіл жиған - тергенді бір мекемеге жинап қойғаннан гөрі, бұрынғыдай бірнеше жекеменшік қорда болғаны пайдалы еді,- дейді олар, - Жылда қосылған пайыздарымыздан да хабардар болып тұруға солар қолайлы еді. Біз не демекпіз. Ақшасы барларға Алла сабыр берсін дейміз. Бұйырған кетпейді,- деген сөз де бекерге айтылмаған болар...
Сағыныш САРЫ, Алматы
|