Мұрат БЕЛГIБАЙ, педагог-психолог
ӨЗIҢДI ҚҰРМЕТТЕУ
Жақсылық қылсам бiреуге,
Жайраңдап жарқын күлем, – де.
Мұзафар ӘЛIМБАЕВ
Данышпан Абай “жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын”, – дейдi. Ұлы ойшылдың бұл байламы, менiңше, бөбек тәрбиесiне де тiкелей қатысты. Өйткенi, “жұмысы жоқтықты, тамағы тоқтықты” малданып, ойына келгендi iстейтiн небiр “азғын-тозғын” да әу баста ата-ананың қолында, отбасында тәлiм алады. Әрi ондайлар, өмiрден көрiп жүргенiмiздей, көбiне-көп үй-iшiнде өзiне жұрттың бәрi жақсылық жасауға, айтқанын қалт еткiзбей орындауға мiндеттi сезiнiп өскендерден шығады. Сәбиден дұрыс азамат қалыптастыру үшiн, – дейдi осы орайда психологтар, – оны кiшкентай кезiнен өзiн отбасының тең дәрежелi, толыққанды мүшесi көрiп, өзiн-өзi құрметтеуге үйрету шарт. Айтуға оңай болғанмен, әрине, әлi ақыл тоқтатпаған, есi “кiресiлi-шығасылы”, бiр сөзiңдi ұғып, бiр сөзiңдi ұқпайтын бөбекке өзiн де, өзгенi де қастерлете қою жеңiл емес. Дегенмен, алынбас асу көрiп, iргенi аулақ салатын ештеңе жоқ. Баланың алдында тек өзiңiз, өздерiңiз ғана мiндеттi, борышты бола бермей, оған мiндет арқалатып үйретiңiз. Ол қалай жүзеге асады. “Мiндеттi” қайтiп арқалатасыз? Сонымен…
МIНДЕТ ЖҮГI
Ата-ана, жалпы үй-iшiндегi ересектер жағы сәби жөнiнде көбiне ананы iсте, мынаны iсте деп жұмсап, мазалап қайтемiн, ойыны қанғанша ойнап, ұйқысы қанғанша ұйықтап, емiн-еркiн өссiн, – деген ниетте болады. Ал ендi бiр отбасындағылар тiптi бөбекке бiрдеңе түсiндiрiп, тапсырып, үйретiп, қадағалап жатудың өзiн артық, ештеңе өнбейтiн бос бейнет көредi. Өмiрдiң өзi үйретедi, өскесiн бәрiн өзiнен-өзi игередi, – деп ойлайды. Менiң педагог-психолог ретiнде де, әшейiн қатардағы адам ретiнде де бiлетiнiм бұл екi пиғыл, екi ұстанымның да жақсылыққа жеткiзе қоятын кезi тым сирек, бәлки жоқ десек те болар. Негiзi оқып-тоқыған ғылым тұрғысынан келсек те, көрген-байқаған тәжiрибе тұрғысынан келсекте, “баланы-жастан” деген қарапайым қазақы түсiнiкте үлкен шындық жатыр. Бөбек жақсы азамат болып шығу үшiн оны еркелетiп, айтқанын екi етпей орындап, мейiр-шапағатқа, қамқорлыққа бөлеу аздық етедi. Өзi өмiрге келген, өсiп жатқан отбасы оның бiрлесiп, көптеп-көлемдеп iс-қимыл жасайтын алғашқы ортасы әуелгi қауымдастығы, бастапқы ұжымы. Демек, сәби де сол ортада, сол отбасында өз хал-қадiрiнше белгiлi бiр мiндеттер атқаруға, белгiлi бiр мiндеттердi мойынға алуға тиiс. Мысалы, 3-7 жас аралығындағы бөбектi отырған жерiн сыпырып-сиырып отыруға, ойыншықтарын, тағы басқа шашқан заттарын сол қалпы тастап кетпей орынына қоюға мiндеттеудiң не артықшылығы бар?! Үй-iшiнде белгiлi бiр iстi мойынына алып, атқаруды тәрбие саласындағы мамандар баланың өзiн маңызды, керектi тұлға сезiнiп, өзi-өзiн құрметтеп өсуiнiң де алғы шарты, әрi-берiден кейiн түп-тамыр, iргетасы деп есептейдi. Ал мұндай сезiмнiң, өзiн мәндi, қажеттi сезiнудiң желкiлдеп, жаңа жетiлiп келе жатқан сәби тұрмақ, әлдеқашан ес жиып, етек жапқан ересек жанның да өзiн лайықты, қалыпты алып жүруiне аз ықпал етпейтiнi белгiлi. Психологтардың бала тәрбиесiнде мiндеттеудi “мiндет” деп қарайтыны да сондықтан.
“МОЙЫН ҰСЫНДЫРУ”
“Үйдегi көңiлдi базардағы нарық бұзады” демекшi, кейде былай болады. Сiз бөбегiңiздiң мойынына белгi бiр жүк “артудың” қажеттiгiн бiлесiз, тәрбиенiң “теориясымен” тәп-тәуiр “қаруланып” алғансыз. Балаға өзiн де, өзгенi де қадiрлетудiң жолы еңбекке баулу, еңбек етуге мiндеттеу, – деген ұғым санаңызда “сайрап” тұр. Ал бiрақ соған, сол “мiндеттеуiңiзге” балаңызды қалай мойын ұсындырасыз? Бөбегiңiзге ес бiлiп, етек жапты дегенше, отбасы мүшелерiнiң әрқайсының әртүрлi мiндетi бар екенiн ұғындырыңыз, – деп кеңес айтады бұл ретте мамандар. Ер адамды үй шаруашылығына қол ұшын берiп, әлдебiр затты түзегенi, бүтiндегенi, қыз баланы, ыдыс-аяқ жуып, киiм-кешек тазалағаны, әйел адамды берекелi де дәмдi ас-суы үшiн баланың көзiнше қолпаштап, мақтап отыруды ұмытпаңыз. Үй-iшiнiң бiр мүшесi ретiнде үлкендер сияқты өзiнiң де бiрдеңе тындырып, мақтау алуы сәбидiң өзiне деген құрметiн оятады, сенiмiн қалыптастырады. Сондай-ақ педагогика, психология iлiмдерi балаға сөз тыңдатуда онымен қандай қалыпта сөйлесудiң де мәнi зор деп есептейдi. Айталық, үнемi айналып-толғанудан басқа ештеңе естiмеген сәбидiң тапсырмаға мән беруi, өз iсiне жауапкершiлiкпен қарауы неғайбыл. Осыған керiсiнше, балаға ақырып-жекiрiп ұрса берудiң де аяғы аса бiр игiлiктi нәтижеге апармайды. Ондай жеткiншек айтқанды орындағанмен өз бетiмен ештеңе тындырмайтын, ынтасы, ерiк-жiгерi тапшы адам болып өсуi бек мүмкiн. Жасына жетпей мұқалған ол сияқтылардың кейiн iшiмдiкке салынып, тiрлiктен баз кешiп, жүнжiп, бетiне кетуi де ғажап емес. Мұның бәрi тәжiрибеде де, ғылымда да әлдеқашан дәлелденген жайлар. Бөбектiң пiкiрiмен, қалауымен санасу, онымен қандай жағдайда да түсiнiстiкке зара сенiмге ұмтылу, дауыс көтермей, тым бектемей сөйлесу сияқты әдiстемелiк нұсқауды әшейiн жаттанды, ерқашты уағыз көрудiң тiптi де жөнi жоқ. Сәбидi өзiңiзге сөзсiз “мойын ұсындырамын” десеңiз, бұл ұстанымнан айнымаңыз.
ӨЗГЕГЕ КӨМЕКТЕСКЕН – ӨЗIҢЕ ПАЙДА
Баланың атқаратын iсiнiң орындайтын мiндетiнiң ауқымы да жыл өткен сайын кеңейе бередi. Оның өз қабiлет-қарымына деген сенiмiн басқаларға қол ұшын берiп, көмек көрсету одан әрi еселей түседi. Тек ондай кездерi бөбекке рахмет деп, ризашылық бiлдiру ұмыт қалмауы тиiс. Алғыс есту оны қанағаттандырып, қуантып қана қоймайды, өзiн қадiрлеуiн, басқалар үшiн жауапкершiлiк сезiнуiн күшейтедi. Мамандар бұл ретте сәбидiң мiндет пен бiреуге қолғабыс етiп, көмек көрсетудiң аражiгiн ажырата бiлуiне ерекше назар аударады. Мәселен, отырған орын, жатқан төсегiн жинаудың мiндет, ал тамақ әзiрлеп жатқан шешеңе ыдыс-аяқ дайындап, дастарқан жайып бiр жағынан шығудың көмек екенiн әр жеткiншек ұғынуы шарт. Баланың ойнаған ойыншығын, оқыған кiтап, жазған дәптерiн жинап алғанын елеусiз қалдырғанмен, бiреуге жасаған жәрдемiн елеусiз қалдыруға болмайды. Көрсеткен көмегiне алғыс есту оны көңiлдендiрумен, қуантумен қатар, өзгенiң еңбегiн, жасаған жақсылығын, қолқайыр септiгiн бағалауға үйретедi. Өзiне алғыс айтқандар секiлдi ол да өзгелерге рахмет айтуға, ризашылық бiлдiруге ұмтылады. Адамның өзiн адамша сезiнуi, қадiрлеуi дегеннiң өзi осылай бiреуден алғыс алу, бiреуге алғыс айту арқылы келетiнiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Өзiн қастерлейтiн кiсi басқаны да, оның iшiнде ата-ана, ағайын-тумасын да бағалай бiлерi күмәнсiз. Керiсiнше, өзiн сыйламайтын жан өзгенi де сыйлап келiстiрмейдi.
АЛАҒАН ҚОЛЫМ – БЕРГЕН
Әсiлi, баланың өзiн жақсы сезiнiп, ата-ана, туған-туыстарына өзiнiң орыны бөлектiгiн, керектiгiн түсiнiп өсуiне әсер етудiң әдiстерi аз емес. Оларды әр әке-шеше, бала тәрбиесiмен айналысатын кiм-кiм де жағдайға, қажеттiлiкке қарай өзi ойлап-тауып қолдана беруiне болады. Мысалы, бiреуден бiрдеңе алып, өзiң қуану ғана емес, бiреуге бiрдеңе берiп, бiреудi қуанту, жақсылық жасау да кiсiнi қанағаттандыратыны, өзiне разылығын туғызып, өмiрге ынталандыратыны мәлiм. Бөбектi бұлай бiреуге шаттық сыйлау арқылы өзi шаттануға қалай, қайтiп қалыптастыру дұрыс? Сәл ойлансақ, мұның жолы сан алуан екенiн байқаймыз. Айталық, жеткiншектi туған күн, т.б. мереке күтiп жатпай-ақ неге сәби кезiнен маңайындағыларға әдемi ашық хат (открытка) әйтпесе өзi қолдан салып, астына жақсы тiлек жазып сурет сыйлауға дағдыландырмасқа? Әйтпесе ата-әже, ана, әке туралы әндердi, өлеңдердi жаттап, үйренiп, неге сiзге, сiздерге арнаймын, – деп айтып бермеске? Баланы өзгенi қуанту арқылы өзi де қуануға үйретудiң мұндай жолдарын мән берiп, көңiл қойған адам таба бередi. Әрi осылай ретiн тауып бiреудi қуантуға талпынған бала бiреудi орынсыз ренжiтуден, кiсiнiң көңiлiне келуден, басқа да эгоистiк қылықтан аулақ өседi. Өзгенi құрметтей отырып, өзiн құрметтеуге, өзiн құрметтеу арқылы өзгенi қастерлеуге бой ұрады.