ДИЗЕНТЕРИЯ
Қоздырғышы - дизентериялық таяқша. Аурудың көзі - тек ауру адам. Дизентериялық таяқшаның "сау тасымалдаушылары" да аурудың көзі болып табылады. Сырқат залалданған тамақ пен су арқылы жұғады. Инфекцияның таралуында қара шыбындардың ролі зор. Дизентерия көбінесе шілде-тамызда жиі етек алады. Соңғы кездері дерттің қыркүйек айында өршуі байқала бастады.
КӨРІНІСІ
Қоздырғышты жұқтырғаннан кейін 1-7 күн ішінде ешқандай белгі байқала қоймайды. Сондықтан бұл кезең жасырын кезең деп аталады. Сырқат кенеттен басталады: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, селқостық, іштің ауру сезімі, үлкен дәретке отырғысы келгендей сезіну (кейде жалған) пайда болады. Ұлкен дәрет жиілейді. Бірте-бірте нәжіс сұйықтанып, ол кейін қан және шырыш аралас шығады. Соңында үлкен дәрет азайып, қанды "түкірік" түрінде болады. Ауру жеңіл, орташа және ауыр түрде өтеді.
АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ
Науқас адамды үйде емдеген кезде, оның жеке бас тазалығын сақтайтын, өзі ғана пайдаланатын заттары, ыдысы, ішкиімі, төсек-орны болуы керек. Науқас адамға қарайтын жақындары жеке бас тазалығы ережелерін қатаң сақтағаны жөн. Тамақпен жұмыс істейтін қызметкерлер медициналық тексерулерден өтіп тұруы тиіс. Азық-түлікті шыбындар қонбайтын жерде сақтаған абзал. Дер кезінде дәрігерге қаралып, ем бастаған ләзім.
С. Каримова
|