Темекiнiң денсаулыққа зияны туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бiз бұл арада тек шылымның әйелдiң бала туу қабiлетiне, жүктiлiк кезеңдi өткеруiне, iшiнара болашақ нәрестенiң денсаулығына қалай әсерi ететiнi жөнiнде ғана әңгiмелеймiз. Шылым еркектiң шәуетiндегi (сперма) ұрықты (сперматозоид) азайтып, оның қимылын, жыныстық гормонның түзiлуiн тежейтiнi, әлеуеттi кемiтетiнi мәлiм. Ал әйелдiң ол ұрықтану қабiлетiне залал келтiрiп, етеккiр кезегiн бұзып қана қоймай, денi-қары сау ұрпақ тууына тiкелей қатысты ағзалары мен жүйелерiн зақымға ұшыратады.
Темекiнi көптен тартатындардың тыныс жүйесi қалайда кеселге ұшырайтыны белгiлi жағдай. Созылмалы бронхит, өкпе эмфиземасы, демiкпе (бронхиальная астма), бәрi-бәрi кәнiгi шылымшының ежелгi серiктерi. Мiне, осы себептi де темекiшi әйелдiң бойына бiткен құрсақ жатырдағы кезiнде-ақ оттегiнiң тапшылығына ұрынады.
Шылым тартуды жақында бастаған келiншек те егер аяғы ауырлаған бойда бұл әдетiн тастамаса, сау бала тууы екiталай. Өйткенi шылым түтiнiмен бiрге тәнге иммунитеттi әлсiрететiн заттар да сiңедi. Темекiшi сондықтанда жиi-жиi сырқаттанады. Ал өзi аурудан шықпайтын ананың өмiрге сау бала әкелуi некен-саяқ. Никотин прогестерон мен пролактин гормондарының түзiлуiн тығырыққа тiреп, шарананы кеселге шалдықтырады.
Күнiне 10-20 шылым тарту шарана жолдасының (плацента) жыртылуына, iштен қан кетуiне әкеледi. Жолдас тiнiнiң кей тұстары жансызданып, қан тамырлары сирейдi. Никотин сондай-ақ жатырдағы қан тамырларының түйiлуiн, бiтелуiн туғызады. Шылым түтiнiндегi көмiртегi тотығы гемоглобинге қосылып карбоксигемоглобин түзедi, ал ол тән ұлпаларына оттегiн жеткiзе алмайды. Осындай себептерден шарана жолдасындағы қан айналысы бұзылады да, жатырдағы құрсақ сол күйi гипоксияға, гипотрофияға ұшырайды.
Темекiшi әйел баласы салмағының тиiстi мөлшерден 200-300 грамм төмен болатыны, нашар еметiнi, нашар ұйықтайтыны, шыңғырып, жылай беретiнi осындай себептен. Өйткенi жатыр iшiлiк гипоксия кезiнде зат алмасуы мiндеттi түрде бұзылады да вегетативтiк жүйке жүйесiне нұқсан келтiредi.
Жатыр iшiлiк оттегi жетiспеушiлiгiнiң зардабы тiптi орасан. Ол көбiне баланың болашағына балта шабады: нәресте iштен ақыл-ой жағынан да, дене мүшелерi жағынан да кемiстiк, кембағалдыққа ұшырап туады. Ондай бөбекте вегетативтiк жүйке жүйесiнiң де гормондық тепе-теңдiктiң бұзылуы да (гормональный дисбаланс) оңайлықпен айықпай ұзаққа кетедi.
Олар бактериялық та, вирустық та инфекцияларға, бронх пен өкпе кеселдерiне шалдығуға өте-мөте бейiм келедi. Бұл айтылғандардың бәрi статистикалық деректерден айқын көрiнедi. Темекiнi әстемен күнiне 9 данадай тартқан әйелдiң баласының өлiм-жiтiмге ұшырауының өзi басқалардан 20 пайыз, дамуының (дене, ақыл-ой) ауытқуға ақауға ұшырауы 2 есе артық.
Ал күнiне 10 данадан астам шылым шегетiн ананың нәрестесiнде бұл көрсеткiштер өзгелерден тиiсiнше 26% және 3 есеге асып түседi. Бала сүюдi армандаған қыз-келiншек темекiден аулақ жүруi, ал тарта қалған жағдайда аяғы ауырлағанша қалайда одан тиылуы, тастауы шарт.
С. КАРИМОВА
|